Бүгін Мәскеуде Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) кеңесінің сессиясы өтеді.
Ресей президенті Владимир Путиннің көмекшісі Юрий Ушаковтің айтуынша, ҰҚШҰ-ға мүше Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения және Тәжікстан басшылары жиын қорытындысында 22 құжатқа қол қойып, бірлескен мәлімдеме жасайды.
Мәлімдемеде терроризм қаупінің күшейіп, экстремизмнің Орталық Азияға таралу қаупіне алаңдаушылық білдіріліп, Украинада бейбітшілік орнату мен Таулы Қарабах мәселесін бейбіт реттеу қажеттігі айтылады.
Ушаков бұған қоса жиында ең алдымен Ауғанстаннан шығатын есірткі тасымалымен, киберқылмыспен күреске және бұған дейінгі саммитте қабылданған Тәжікстанның тәжік-ауған шекарасын нығайтуына көмектесу шешімінің орындалуына баса назар аударылатынын да айтады.
ҰҚШҰ жиынынан соң Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес отырысы өтеді. Онда ынтымақтастық туралы бірқатар құжаттар қабылданбақ. Жоспар бойынша, жиында Арменияның Еуразия экономикалық одағына кіруі туралы келісімді ратификациялаудың аяқталғаны жарияланбақ.
Жиыннан кейін Путин Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен кездеседі. Президенттер Қырғызстанның Еуразия экономикалық одағына кіруі мәселелерін талқылайды деп күтілген.