Accessibility links

Украина бейтараптық мәртебесін жоюды қарайды


Украина парламенті, Киев, (Көрнекі сурет).
Украина парламенті, Киев, (Көрнекі сурет).

Украина парламенті бүгін елдің ешқандай әскери блокқа қосылмайтын бейтараптық мәртебесін жою туралы заң жобаларын қарайды.

Депутаттарға Украинаның бейтараптық мәртебесін жоятын төрт құжат ұсынылып отыр. Олардың арасында президент Петр Порошенко ұсынған заң жобасы да бар.

Жоғарғы Раданың салалық комитеті Порошенконың ұсынысын қолдады. Комитет мүшелері "президенттің ұсынысы Украинаның ұлттық мүдделері мен мемлекеттік саясатқа толық сай келеді" дейді.

Украинаның қандай да бір әскери-саяси одаққа кірмейтіні, оның ішінде НАТО-ға кіруден бас тартуы туралы заңды Жоғарғы Рада бұрынғы президент Виктор Януковичтің тұсында, 2010 жылдың шілде айында қабылдаған.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев "Мәскеу Украинаның бейтараптық саясаттан бас тартуына бей-жай қарамайтынын" мәлімдеді.

"Украина президенті Жоғарғы Радаға өз елінің ешқандай блокқа қосылмау саясатынан бас тартуы жөнінде заң жобасын ұсынды. Бұл - шын мәнінде Украинаның НАТО-ға кіруге өтініш білдіруі болып саналып, Украинаны Ресейдің қуатты әскери қарсыласына айналдырады" деп жазды Медведев Facebook-парақшасында.

Медведев АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкциялар салу туралы заң қабылдауы мен Украинаның бейтараптық мәртебесінен бас тартып НАТО-ға кіру ниетінің салдары ауыр болатынын, Ресей бұған жауап қайтаратынын айтты.

XS
SM
MD
LG