Бүгін Минскіде Украина шығысындағы дағдарысты реттеу жөніндегі Украина, Ресей және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) өкілдері қатысатын келіссөздің жаңа кезеңі басталады. Келіссөз желтоқсанның 26-сына дейін жалғасады.
Желтоқсанның 23-інде Киевте Украина және Сербия сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысқан ЕҚЫҰ өкілі Хайди Тальявинидің айтуынша, келіссөздерде қақтығысушы тараптардың атысты тоқтатып, ауыр қару-жарақтарын әкетуі және тұтқын алмасуы, сепаратистердің бақылауындағы территорияларға гуманитарлық жүк жеткізу мәселелері талқыланбақ.
УНН агенттігінің "Новороссия" жобасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасының" өкілдері желтоқсанның 23-і күні Минскіге кеткен.
Бұған дейін Минскіге өзін-өзі жариялаған "Луганск халық республикасының" уәкілетті өкілі Владислав Дейнего да шығып кеткені хабарланған.
Әзірге "Донецк халық республикасы" пен "Луганск халық республикасы" өкілдерінің келіссөздерге ресми трде шақырылғаны туралы нақтыланған ақпарат жоқ.