Бүгін, желтоқсанның 24-і күні БҰҰ-ның халықаралық қару-жарақ саудасын реттеу туралы келісімі күшіне енді. Келісім жылдық айналымы 85 миллиард АҚШ долларына дейін жететін халықаралық қару-жарақ саудасын реттейтін алғашқы құжат болып отыр.
Келісімге қол қойған 130 елдің әзірге тек 60-ы ғана оны ратификациялады. 60 елдің арасында әлемдегі қару-жарақ экспорттайтын ең ірі елдер саналатын Германия, Франция және Ұлыбритания да бар.
АҚШ пен Израиль келісімге қол қойғанымен, әлі ратификациялаған жоқ.
Ресей, Қытай, Үндістан және Пәкістан сияқты ірі қару-жарақ өндіруші елдер келісімге қол қоймаған.
Келісім шағын атыс қаруларынан бастап танк пен шабуылдаушы тікұшақтар сияқты әскери техникаларды трансшекаралық тасымалдау мәселелерін реттейді.