Минскіде Украина, Ресей және ЕҚЫҰ өкілдерінің Украина шығысындағы қақтығысты реттеуге арналған бейбіт келіссөзінің жаңа кезеңі аяқталды. "Интерфакс" агенттігінің хабарлауынша, кездесу жабық түрде өткен.
Келіссөзге ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілі Хайди Тальявини, Украина экс-президенті Леонид Кучма, Ресейдің Украинадағы елшісі Михаил Зурабов қатысқан. Кездесуде бұған қоса өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасы" өкілі Денис Пушлин мен "Луганск халық республикасы" өкілі Владислав Дейнего да болған.
Бұған дейін келіссөзде қақтығысушы тараптардың атысты бірдей тоқтатуы, ауыр техниканы әкету, тұтқын алмасу және сепаратистердің бақылауындағы территорияларға гуманитарлық жүк жеткізу мәселелері талқылануы мүмкін деп хабарланған.
Ал Денис Пушлин мен Владислав Дейнего келіссөзде Донбасстағы экономикалық блокаданы алып тастауды және оның ерекше статусын жоюды талап ететіндерін мәлімдеген.
Минскіде ертең, желтоқсанның 26-сында Украина, Ресей және ЕҚЫҰ өкілдері қайта кездеспек.