Испания астанасы Мадридте 27 желтоқсан күні қазақстандық саяси эмигрант Мұратбек Кетебаевтың ұсталғаны хабарланды. Ол Францияда қамауда отырған оппозициялық олигарх, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың серігі ретінде танылған. Кетебаевтың ұсталғаны туралы Facebook желісінде оппозициялық журналист Ирина Петрушова хабарлады.
«Мұратбек Кетебаевпен Мадридке келіп, Александр Павловпен (Мұхтар Әблязовтың бұрынғы оққағары - ред.) кездеспек болғанбыз. Жаңа жылға "сыйлық" жасап, таңертең қонақ үйімізге карабинерлер (полиция - ред.) келіп тұр» деп жазады Ирина Петрушова.
Журналистің сөзінше, "босқын мәртебесі бола тұра" саяси эмигрантты Интерполдың талабы бойынша ұстаған. Петрушова жергілікті полиция Интерполдың талабын өздеріне көрсетпегенін жазады. Оның хабарлауынша, Кетебаевты ары қарай қамау амалдары бойынша сот 28 желтоқсан күні өтпекші.
Журналист екі күн бұрын Мұратбек Кетебаевтың интернетте "Қазақстандағы оппозицияны қаралаумен айналысатын жалдамалы журналистердің құпия тобына кімдер кіретіні туралы есебін" жариялағанына назар аударады.
Кетебаев Қазақстаннан Мұхтар Әблязовтың серіктері жаппай қашып жатқан 2011 жылы кетіп қалған. Былтыр ол Польшада босқын статусын алған. Әблязовтың өзі 2013 жылы Францияда жасырынған жерінен ұсталған еді. Оны Ресейге экстрадициялау ісі әлі сотта қаралып жатыр.
Қазақстанда Мұратбек Кетебаевтың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Оны "2011 жылы Жаңаөзен оқиғасын ұйымдастырды, ал 2012 жылы Алматыда теракт ұйымдастырмақ болды" деп айыптайды. Кетебаев бұл айыптарды жоққа шығарып, саяси астары бар деп санайды.