Accessibility links

Киевте 500-дей наразы адам митингіге шықты


Украина парламенті. (Көрнекі сурет)
Украина парламенті. (Көрнекі сурет)

Киевте 500-дей адам Жоғарғы Рада ғимараты алдына шеруге шықты. Бүгін депутаттар 2015 жылға арналған мемлекеттік бюджетті қарап жатыр.

УНН ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «Қаржылық майдан» және «Реформалардың реанимациялық пакеті» ұйымдарының белсенділері салымшылар мен несие алушыларға дұрыс жағдай жасалуын, салықтардың азаюын талап етеді.

Митингіге шыққан азаматтар таяқ ұстап, онымен бос бөшкелерді даңғырлатып тұрса, Жоғарғы Рада (Украина парламенті - ред.) ғимаратын құқық қорғау органдары өкілдері күзетіп тұр.

Акция бейбіт түрде өтіп жатыр, қақтығыстар туралы ақпарат жоқ. Ал Украина парламентіндегі «Оппозициялық блок» фракциясы депутаттары залға «Бұл бюджет – халыққа атылған оқ!» деген жазуы бар плакат іліп қойған.

Жоғарғы Рада депутаттары 2015 жылдың бюджетінен бөлек, жексенбі күні 17 заң жобасын қарайды. Олардың ішінде салықты көбейту, соғысқа қатысқандар мен Чернобыль апатынан зардап шеккендерге тегін жол жүру жеңілдігін алып тастау сияқты ұсыныстар бар. Парламентке өткен жылдың аяғы, осы жылдың басында Украинадағы шерулерге қатысып, жапа шеккен азаматтарға көмек көрсету туралы құжат та түскен.

XS
SM
MD
LG