"Әл-Жазира" телеарнасының бір жылдай бұрын Египетте тұтқындалған журналисі Питер Грист ел билігіне өзін Австралияға депортациялау туралы өтініш айтты.
Журналистің туыстары Грист пен "Әл-Жазира" телеарнасының тағы екі тілшісінің ісін Египет соты қайта қарауға шешім қабылдаған соң "депортация - дұрыс таңдау" екенін қолдады.
Былтыр маусымда "Әл-Жазира" телеарнасының "Мұсылман бауырлар" қозғалысына көмектесті деп айыпталған қызметкерлері Питер Грист пен Мохамед Фахми (Канада мен Египеттің азаматы) 7 жылға, Бахир Мухаммад (Египет азаматы) он жылға сотталған. Халықаралық қауымдастық бұл үкімді айыптаған.
Сотталған үш тілші қазір қамауда отыр. Олардың ісін 45 күннің ішінде қайта қарауы керек.
Египет билігі "Әл-Жазира" телеарнасы материалындағы "биліктен қуылған исламшыл президент Мұхамед Мурсидің жақтастары қуғындалып жатыр" деген мәліметке наразы болған. Мурси 2013 жылы биліктен кетірілген соң Египетте жаппай тәртіпсіздік болып, ол зорлық-зомбылыққа ұласқан. Мурсидің мыңдаған жақтастары ұсталып, жүздеген адам өлім жазасына кесілген, "Мұсылман бауырлар" қозғалысы "террористік ұйым" деп жарияланған.