Accessibility links

Өзбек парламенті сайлауының екінші кезеңі өтті


Өзбекстандағы сайлаушыларды парламент сайлауына дауыс беруге шақыру қағазы. (Көрнекі сурет).
Өзбекстандағы сайлаушыларды парламент сайлауына дауыс беруге шақыру қағазы. (Көрнекі сурет).

Өзбекстанда қаңтардың 4-інде парламенттің төменгі палатасына сайлаудың екінші кезеңі өтті. Бұл жолғы дауыс беру желтоқсанның 21-індегі алғашқы кезеңде үміткерлері жеткілікті дауыс жинай алмаған 22 округте болды.

Бұл сайлауда ел президенті Ислам Каримовты қолдайтын төрт саяси партия төменгі палатадағы 150 депутаттық орынның 135-ін иелену үшін бәсекеге түскен. Қалған 15 орын ешқандай сайлаусыз үкіметшіл экологиялық қозғалыс өкілдеріне беріледі.

Сайлаудың алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша, парламенттегі 47 орынды - Өзбекстан либералдық-демократиялық партиясы, 28 орынды - "Миллий тикланиш" ("Ұлттық жаңғыру") демократиялық партиясы, 21 орынды - Өзбекстан халықтық-демократиялық партиясы, 17 орынды "Адолет" ("Әділет") социал-демократ партиясы иеленген.

Желтоқсанның 21-індегі дауыс беруге бақылау жасаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушылары сайлауда шынайы бәсеке болған жоқ деп баға берген.

Өзбекстандық және халықаралық құқық қорғаушылар елді Совет одағы кезеңінен бері басқарып келе жатқан Ислам Каримовтың билігін Өзбекстанда адам құқықтарының бұзылуына және өзгеше ойлайтындарды қудалағанына байланысты айыптайды.

Өзбекстан оппозициясы бұл сайлауға бойкот жариялаған.

XS
SM
MD
LG