Accessibility links

АҚШ биржаларында акция бағасы түсті


Нью-Йорк қор биржасы. (Көрнекі сурет).
Нью-Йорк қор биржасы. (Көрнекі сурет).

АҚШ қор биржаларында дүйсенбіде сауда-саттық аяқталар тұста негізгі индекстер біршама төмендеді. Нью-Йорк биржасында АҚШ-тағы ең ірі 30 корпорацияны қамтитын Dow Jones индексі 2 пайызға арзандады. Жоғарғы технологиялық компанияларды қамтитын NASDAQ индексі бір жарым пайызға, ал 500 ең ірі компания акцияларын құрайтын S&P 500 индексі 1,83 пайызға арзандады.

Негізгі компаниялардың индекстері әлемде мұнай бағасының арзандауымен бірге төмендеп жатыр. Кеше Лондон биржасында күн соңына қарай Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы ақпан айына арналған келісім-шарттарда 52 АҚШ доллары 66 цент деп белгіленді. Brent маркалы мұнай 2009 жылдың мамырынан бері бұлай арзандамаған.

Нью-Йорк биржасында WTI маркалы мұнай бағасы екі жарым пайызға арзандап, бір баррелі 50 АҚШ доллары 4 центті құрады.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, индекстердің төмендеуіне ең алдымен әлемдегі мұнай өндіруші ірі корпорациялардың мұнай бағасының арзандауынан шығынға батуы себеп болған. Акция бағасының түсуіне еуроның АҚШ долларына шаққандағы бағамының арзандауы да әсер еткен.

Дегенмен басылым сарапшылардың акция бағасының түсуіне қарамастан 2015 жылы қор нарығындағы жағдай бір қалыпқа түседі деген болжамын берген. Сарапшылар бұған мұнай мен мұнай өнімдері бағасының арзандауы экономиканың басқа да салаларындағы белсенділікті арттырады деп болжайды.

XS
SM
MD
LG