Accessibility links

Донбаста көлік апатынан 12 сарбаз қаза тапты


Донецк қаласы маңында жүрген украин сарбаздары. Украина, 31 желтоқсан 2014 жыл.
Донецк қаласы маңында жүрген украин сарбаздары. Украина, 31 желтоқсан 2014 жыл.

Украинаның шығысында көлік апатынан ұлттық гвардияның 12 сарбазы қаза тауып, 18-і жараланған. КрАЗ әскери көлігі мен "Богдан" автобусы соқтығысқан жол апаты қаңтардың 5-інде Донецк облысының Артемовск қаласына жақын маңда болған. Жол апатына қолайсыз ауа-райы себеп болған деп хабарланды.

Ұлттық гвардияның ресми сайтындағы ақпаратта оқиға Донбастағы сепаратистерге қарсы операция жүргізіліп жатқан аймақта еріктілер мен украин әскерінің алмасуы кезінде болғаны айтылған.

Апаттан зардап шеккендер уақытша Артемовск қаласындағы ауруханаға жеткізілген. Одан ары оларды Харьков пен Украинадағы басқа да ауруханаларға әкету жоспарланып отыр. Жол апаты болған жерде әскери прокуратура, жол полициясы, ішкі істер министрлігі мен ұлттық гвардия өкілдерінен құралған комиссия жұмыс істеп жатыр.

Шығыс Украинадағы әскери қақтығыс кезінде Артемовск қаласын екі айдан аса уақыт ресейшіл сепаратистер бақылауда ұстаған. Бірақ былтыр шілде айында қала қайтадан украиналық әскерилердің қолына өткен.

XS
SM
MD
LG