Украина Астанада 9 қаңтарда болады деген Украина, Ресей, Франция және Германия сыртқы істер министрлерінің кездесуін Қазақстан жағы жоққа шығарды.
Азаттық сауалына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов мұндай кездесу жоспарланбағанын айтты.
Бұған дейін Украина сыртқы істер министрлігі саясат және коммуникация департаментінің басшысы Алексей Макеев төрт ел сыртқы істер министрлігі өкілдерінің Шығыс Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі келіссөзден кейін министрлер қаңтардың 9-ында Астанада кездеседі деп хабарлаған еді.
Украина президенті Петр Порошенко өткен айда қаңтардың 15-інде Астанада Ресей, Германия және Франция президенттерімен кездесу жоспарланғанын мәлімдеген. Бірақ кейін Германия мен Франция басшылығы Астанадағы саммитке Шығыс Украинадағы жағдайды реттеу жөніндегі Минск келісімі шарттары орындалатындай болса ғана баруға болатынын білдірген.
Украина телеарнасына берген сұхбатында Алексей Макеев сыртқы істер министрлерінің Астанадағы кездесуінде Минск келісім шарттарын орындау мәселесі күн тәртібіне қойылатынын да айтқан еді.
Қазақстан президенті баспасөз қызметі бұған дейін президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Берлинге барып, канцлер Ангела Меркельмен Украинадағы жағдайды реттеу жайын талқылайды және осы ел сыртқы істер министрімен кездесуі мүмкін деп хабарлаған.