Accessibility links

Францияда шабуылға күдіктілерді іздеп жатыр


Полиция арнайы жасағы Париждің солтүстігінде шабуылға күдіктілерді іздеу операциясы кезінде. 8 қаңтар 2015 жыл.
Полиция арнайы жасағы Париждің солтүстігінде шабуылға күдіктілерді іздеу операциясы кезінде. 8 қаңтар 2015 жыл.

Франция полициясы Charlie Hebdo сатиралық журналы редакциясына шабуыл жасады деген күдіктілерді - ағайынды Шериф және Саид Куачилерді үш күннен бері іздеп жатыр.

Қазір полиция Париждің солтүстік-шығысындағы Пикардия аймағын шолып жүр. Жергілікті ақпарат құралдары аймақта атыс үні естілгенін хабарлайды. Іздестіру жұмыстарына тікұшақтар да тартылған. Болжам бойынша, күдікті екеу Пикардияда жанармай құю станциясын тонаған.

Қаңтардың 7-сінде журнал редакциясына автоматпен қаруланған үш адам шабуылдап, соның салдарынан 12 адам қаза тапқан, 11 адам жараланған.

Тергеу деректері бойынша, "Шериф Куачи мен Саид Куачи - радикалды исламшыл содырлар, олар журналдың Мұхаммед пайғамбарды карикатуралағаны үшін кек қайтарған".

Әке-шешелері Алжирден келген Шериф пен Саид Куачилер Парижде туған. 2008 жылы Шериф Куачи "Иракқа содырлар жөнелтуге қатысы бар" деген айыппен үш жылға сотталған.

Қаңтардың 8-інде Франция шабуылдан қаза тапқандарды аза тұтты. Бұл күні елде марқұмдарды еске алу акциялары мен шерулер өтті.​

XS
SM
MD
LG