9 қаңтарда Берлинде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Германия канцлері Ангела Меркель кездесті.
Кездесу барысында екіжақты экономикалық қарым-қатынасты жандандыру мәселелері, сондай-ақ Украинаның шығысындағы ахуалды Украина, Ресей, Германия, Франция басшыларының таяуда Астанада өтуі ықтимал кездесуі аясында реттеу шаралары талқыланды. Назарбаев пен Меркель Минск келісімін тездетіп орындау керек екенін де айтты.
Меркель мен Назарбаев 2012 жылы ақпанда қол қойылған Қазақстан мен Германияның шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы келісімдердің орындалу жайын сөз етті. Олар инновациялық-инвестициялық ынтымақтастық жайын, 2017 жылы Астанада өтетін EXPO көрмесіне дайындық мәселесін де талқылады.