Франция премьер-министрі Мануэль Вальс елде үш күннің ішінде 17 адамның мерт болғанын айтып, терроризмге қарсы күресте арнайы қызметтердің жұмыстарында қателіктерге жол берілгенін мойындады.
BFM телеарнасынан сөйлеген сөзінде ол "ел үкіметіне болған оқиғаларды талдап, ой елегінен өткізу қажеттігі" туралы айтқан.
Қаңтардың 7-і күні Париждегі Charlie Hebdo сатиралық журнал редакциясына жасалған террорлық шабуыл салдарынан 12 адам мерт болған. Бұл шабуылға күдік деп саналған ағайынды Саид және Шериф Куачилер жұма күні кешке Даммартен-ен-Гоэль қаласында арнайы операция кезінде атыста өлтірілген. Сол күні Париждің шығыс бөлігіндегі Венсен ауданында еврей тағамдары дүкенінде сегіз адамды кепілге алған Амеди Кулибали есімді қарулы ер адам мен ол кепілде ұстағандардың төртеуі полиция операциясы кезінде қаза болған. Бейсенбі күні Париж маңындағы Монруж ауданында белгісіз біреу полиция қызметкері әйел адамды атып кеткен.
Ақпарат агенттіктері қауіпсіздік мәселесімен айналысатын кейбір сарапшылардың пікірін келтірген. Олар егер француз арнайы қызметі бұған дейін Йеменде болып, «Араб түбегіндегі әл-Қаида» ұйымы мүшелерімен кездескен, Йемендегі радикалдық исламшыл топпен байланыстағы ағайынды Куачилерді бақылауды күшейткенде Charlie Hebdo редакциясына шабуылдың алдын алуға болатын еді деп санайды. Бірақ, енді бір сарапшылар Францияда бес мыңнан аса исламшылар барын, олардың бәрін бірдей бақылауда ұстау мүмкін еместігін айтады.