Accessibility links

Олланд кепілдегі жандарға болысқан адамға алғыс айтты


Полиция еврей тағамдары дүкенінен кепілге алынған адамдарды шығарып әкетіп барады. Париж, 9 қаңтар 2015 жыл.
Полиция еврей тағамдары дүкенінен кепілге алынған адамдарды шығарып әкетіп барады. Париж, 9 қаңтар 2015 жыл.

Парижде адамдары кепілге алынған еврей тағамдарын сататын дүкен жұмысшысы, Малиден шыққан 24 жастағы мұсылман Лассан Батилиге Франция президенті Франсуа Олланд алғыс білдірді. Олланд Батилиге қаңтардың 11-інде телефонмен әңгімесінде алғыс айтқан.

Батили қаңтардың 9-ы күні дүкенге қарулы адам басып кіргенде адамдарды дүкен жертөлесіндегі тоңазытқыш құрылғыға жасырған. BFMTV телеарнасына берген сұхбатында Батили: "Мен оларға шуламай, тыныш тұру қажеттігін, әйтпесе қарулы адам өздерін тауып алып өлтіретінін айттым" дейді.

Әлеуметтік желіде қолданушылар Лассан Батилиге енді я Франция азаматтығы берілуі тиіс немесе Францияға ерекше еңбегі сіңгендерге тағайындалатын Құрмет легионі орденімен марапатталуы қажет дейді.

Өткен аптада Амеди Кулибали есімді қарулы адам Париждегі еврей тағамдары дүкенінде сегіз адамды кепілген алып, олардың төртеуі қаза тапқан. Полиция кепілдегілерді құтқару операциясы кезінде Амеди Кулибалидің көзін жойған. Алдын-ала мәліметтер бойынша, сол күні күндіз Парижде әйел полицейді атып өлтірген.

Тергеу мәліметтері бойынша, Кулибали қаңтардың 7-сінде Парижде сатиралық Charlie Hebdo журналы редакциясына шабуыл жасады делінген күдіктілер ағайынды Шериф және Саид Куачилердің серігі болған.

XS
SM
MD
LG