Малайзиялық AirAsia компаниясының жолаушылар ұшағын іздеп жатқан құтқарушылар Ява теңізіне құлаған ұшақ бортындағы жазба құралдарының (қара жәшік) бірін судан алып шықты.
Индонезия құтқару агенттігінің басшысы Бамбанг Соелистоның хабарлауынша, ұшақ бортындағы жазба құралдарының бірі теңіз түбіндегі ұшақ қанатының астынан табылып, қаңтардың 12-сі күні судан шығарылған. Соелисто қазір сүңгуірлер борттағы сөздерді жазатын басқа бір құрылғыны іздеп жатқанын айтады.
Малайзияның Air Asia әуе компаниясына тиесілі Airbus-320-200 жолаушылар ұшағы желтоқсанның 28-і күні таң ата Индонезиядан Сингапурге ұшып шыққан соң, Калимантан және Белитунг аралдары арасындағы Ява теңізінде радардан жоғалып кеткен еді.
Желтоқсанның 30-ында Индонезия құтқарушылары Борнео аралы жағалауынан алты адамның денесі мен ұшақ бөлшектері болуы мүмкін делінген заттарды судан шығарған. Ұшақта болған 162 адамның осы кезге дейін 40-ының мәйіті табылған. 162 адамның көбі - Индонезия азаматтары.