Accessibility links

Шығыс Украинада "жағдай ушыққаны" хабарланды


Донецк маңындағы Пески елді мекеніне бекінген украин әскері. Украина, 31 желтоқсан 2014 жыл.
Донецк маңындағы Пески елді мекеніне бекінген украин әскері. Украина, 31 желтоқсан 2014 жыл.

Украина әскерилері мен ресейшіл сепаратистер Донбастағы жағдайдың ушыққанын мәлімдеп, бір-бірін "атысты тоқтату туралы келісімді бұзды" деп айыптай бастады.

Украинаның шығысындағы операциялар орталығының хабарлауынша, бір тәулікте украин әскерилерінің бекіністері 80-нен астам рет атқыланған. Негізінен 11 елді мекен атқылауға ұшыраған. Әскерилер сепаратистер Донецк әуежайы мен оған жақын маңда орналасқан елді мекендерге "Град" кешенінен үдете соққы беріліп жатыр дейді.

Украин әскерилері таратқан ақпаратта қаңтардың 13-іне ауған түні сепаратистер әуежайдың метеорологиялық мұнарасын, Красногоровка, Невельское, Опытное, Пески және Тоненькое елді мекендерін 12 рет атқаны айтылады. Бұған қоса ұшқышсыз басқарылатын аппараттар арқылы 9 рет әуеден барлау фактісі тіркелген.

Ал сепаратистер керісінше "украин әскерилері соңғы тәулікте атысты тоқтату шартын 66 рет бұзды" дейді. Өзін-өзі жариялаған Донецк халық республикасы штабының хабарлауынша, Украин әскерилері Пески елді мекенінен минометпен Донецкінің тұрғын үйлер орналасқан аудандарын атқылаған.

ЕҚЫҰ бақылаушыларының қаңтардың 12-сінде жариялаған есебінде де соңғы күндері Шығыс Украинада бітім шартын бұзу күрт жиілегені айтылған.

ЕҚЫҰ миссиясының дерегінше, 10-11 қаңтарда 111 рет бітім шартын бұзу оқиғасы болған. Оның 39-ы Донецк әуежайы маңында тіркелген. Бұдан өзге Луганск, Оленевка, Мариинка, Славная, Крымск және Трехизбенко қалаларында да атыс болған.

XS
SM
MD
LG