Мәжілістің бір топ депутаты үкіметтен жол қозғалысы туралы жаңа ережедегі баланы көлікке отырғызуға қатысты талапты қолданысқа енгізуді бір жылға дейін шегере тұруды сұрады.
Қаңтардың 7-сінде күшіне енген жол қозғалысы ережесіндегі талаптардың бірі – 12 жасқа дейінгі баланы көлікке арнайы құрылғымен мінгізу жайлы болған.
Премьер-министр Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған сауалда "Ақ жол" фракциясының депутаттары бұл талаптың "көлікте баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігінен туындағанын" айтып, бірақ қазір оны орындауда кедергілер барын келтірген. "Қазір Қазақстанда төрт жарым милилон көлік тіркелген, оның кем дегенде төрттен бірінің иесінде бала бар деп есептегенде бір миллион автокресло қажет болады. Саудаға бір мезетте бір миллион автокресло шығару мүмкін емес. Егер бір көлік иесінде үш немесе төрт бала болса, онда бұл қымбатқа түседі" дейді депутат Меруерт Қазбекова.
Депутаттар бұған қоса шағын және үнемді көліктерге бірнеше автокреслоны орнатудың да мүмкін еместігін және басқа да қосымша мәселелер туындап отырғанын айтқан.
Депутаттар осыған орай көліктерді автокресломен қамтамасыз етіп жаңа ереже талабын орындау үшін тағы бір жыл мерзім беруді және заңға 12 жасқа дейін емес, 6 жасқа дейінгі балаларды автокреслоға отырғызу туралы өзгеріс енгізуді сұраған.