Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, Ақмола облысы Красногор ауылдық аймағының әкімі Әсел Садуақасова Есіл аудандық орталық ауруханасына түскен. Ол осы аймаққа қарайтын белгісіз "ұйқы дертіне" шалдыққан Калачи ауылының тұрғындарын қауіпсіз аймаққа көшірумен айналысып жүрген болатын.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Қабдрашит Әлмағамбетов әкімге "Этиологиясы белгісіз энцефалопатия" деген диагноз қойылғанын айтты. Садуақасованы Астанаға да ауыстыруы мүмкін.
2013 жылдың наурызында Калачи ауылының ондаған тұрғыны түсініксіз "ұйқы дертіне" шалдыға бастағаны хабарланған. Науқастар дел-сал болып, бастары ауырып, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқы басатынын айтып шағымданған. Астанадан барған комиссиялар ауру себебін анықтай алмаған.
Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжин өткен аптада қандай да бір сыртқы фактордың анықталмағанын айтқан. Кейбір тұрғындар ауылдан бірнеше шақырым жерде ашық жатқан, кезінде уран өндірілген кеніштің экологиялық зардабын шегіп жатырмыз деп санайды. Жергілікті билік соңғы айлары тұрғындарды басқа аймаққа көшіру шараларын қолға алған.
Мыңға жуық тұрғыны бар Калачи ауылы Ақмола облысы Есіл ауданына қарайды, Астанадан 450-дей шақырым жерде орналасқан.