Accessibility links

АҚШ-та "теракті жоспарлаған" күдікті тұтқындалды


Вашингтондағы АҚШ конгресі ғимараты. (Көрнекі сурет).
Вашингтондағы АҚШ конгресі ғимараты. (Көрнекі сурет).

АҚШ Федералдық тергеу бюросы (немесе ФБР) Вашингтондағы "конгресс ғимаратында теракті ұйымдастырмақ болды" деп айыпталған Огайо штатының 20 жастағы тұрғыны Кристофер Корнелді тұтқындады.

Тергеу мәліметі бойынша, Корнел конгрессмендер кабинетінде қолдан жасалған жарылғыш затты жарып, кейін оқиға орнын тастап қашқан ресми тұлғалар мен олардың көмекшілеріне оқ атпақ болған.

Айыпталушы тұтқындалудан бірнеше сағат бұрын қару-жарақ дүкенінен екі жартылай автоматты мерген мылтығын және алты патрон алған.

ФБР бірнеше ай бұрын өзінің жансызынан Корнелдің Twitter-де Рахил Махрус Убайда деген атпен радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымын қолдайтын мәтіндер мен видеоматериалдар жариялағаны туралы ақпарат алған.

Тергеу материалында жансыздың өткне жылдың тамыз айында Корнелден алған хаты келтіріледі. Онда "Біз мұнда "Ислам мемлекетімен" әрекеттесе отырып өз тобымызды құрып, өз бетімізше операциялар жасауды жоспарлауымыз қажет. Анвар әл-Авлаки азаппен өлеріне дейін бізге осындай үндеу жасаған" делінген.

"Араб түбегіндегі Әл-Қаида" басшысы Анвар әл-Авлаки 2011 жылы Иеменде америкалық ұшқышсыз басқарылатын ұшақтан атылған зымыраннан қаза тапқан. "Араб түбегіндегі Әл-Қаида" ұйымы кеше өткен аптада Парижде сатиралық Charlie Hebdo журналына жасалған шаубылды мойнына алған.

ФБР-дың хабарлауынша, Кристофер Корнел жоспарын іске асырып үлгірмеген.

XS
SM
MD
LG