Ақмола облысы Есіл ауданы Калачи ауылында кешеден бері тағы екі адам, оның ішінде аудандық мәслихат депутаты "ұйқы дерті" белгісімен ауруханаға түсті деп хабарлады "Интерфакс-Қазақстан" агенттігі.
Есіл аудандық ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, екінші науқас - күзетші.
Қаңтардың 14-інде Калачи ауылы қарайтын Красногорск ауылдық округі әкімі Әсел Сәдуақасованың да ауруханаға түсіп, оған "этиологиясы белгісіз энцефалопатия" деген диагноз қойылғаны хабарланған. Бүгін ол Астанаға әкетілген.
2013 жылдың наурызынан бері Калачи ауылының ондаған тұрғыны түсініксіз "ұйқы дертіне" шалдыға бастағаны хабарланған. Науқастар дел-сал болып, бастары ауырып, есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқы басатынын айтып шағымданған. Астанадан барған комиссиялар ауру себебін анықтай алмаған.
Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтың директоры Абай Байгенжин өткен аптада қандай да бір сыртқы фактордың анықталмағанын айтқан. Кейбір тұрғындар ауылдан бірнеше шақырым жерде ашық жатқан, кезінде уран өндірілген кеніштің экологиялық зардабын шегіп жатырмыз деп санайды. Жергілікті билік соңғы айлары тұрғындарды басқа аймаққа көшіру шараларын қолға алған.
Мыңға жуық тұрғыны бар Калачи ауылы Ақмола облысы Есіл ауданына қарайды. Ауыл Астанадан 450 километрдей жерде орналасқан.