Accessibility links

Кетебаевтың Мадрид түрмесінен босағаны хабарланды


Қазақстандық саяси эмигрант Мұратбек Кетебаев.
Қазақстандық саяси эмигрант Мұратбек Кетебаев.

Мадридте ұсталып, қамауда отырған қазақстандық саяси эмигрант Мұратбек Кетебаев түрмеден босатылды деп хабарлайды Кетебаевтың әйелі, журналист Ирина Петрушева Facebookтегі парақшасында.

Петрушеваның Азаттыққа айтуынша, Кетебаев қаңтардың 15-і күні кешке қарай өзін қамауға санкция берген судьяның шешімі бойынша босатылған.

Петрушеваның сөзіне қарағанда, Кетебаев ешқандай кепілсіз босатылған және оған өзін экстрадициялау туралы сот өткенге дейін Испаниядан кетуге тыйым салынған. Кетебаевтың босатылғанының айғағы ретінде Петрушева саяи эмигранттың адвокатымен түскен суретін жариялаған.

Әблязовтың серіктерінің бірі Мұратбек Кетебаев 2014 жылдың соңында Испанияда қамауға алынған. Оның адвокаттары Кетебаевты тұтқындау туралы сот шешіміне апелляциялық шағым түсірген. Қазақстаннан 2010 жылы кетіп қалған Кетебаевқа 2013 жылы желтоқсанда Польша саяси босқын мәртебесін берген.

Қазақстанда Мұратбек Кетебаевтың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Соның бірі – 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына тиесілі, енді бірі – 2012 жылы «Алматыда теракті ұйымдастыруға қатысты» делінген айып. Кетебаев өзін Қазақстан билігі саяси мақсатта қуғындап отыр деп мәлімдеген.

Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы өткен аптада Мадридті қамаудан босатуға және оны Еуропа Одағына мүше елдің бірінен саяси босқын мәртебесін алғандықтан Қазақстанға қайтармауға шақырған.

XS
SM
MD
LG