Әлемде аштық, қайыршылық және әлеуметтік теңсіздік мәселелерімен шұғылданатын Oxfam халықаралық ұйымының дерегі бойынша, 2016 жылға қарай жер бетіндегі тұрғындардың бір пайызын ғана құрайтын ең бай адамдар әлемдік капиталдың жартысынан көбіне иелік етпек.
Қаңтардың 19-ында жарияланған ұйым есебінде ең бай адамдар 2009 жылы әлемдегі байлықтың 44 пайызына иелік еткен, ал қазір бұл көрсеткіш 48 пайызға жеткені айтылған. Есеп осы аптада Швейцарияның Давос қаласында өтетін дүниежүзілік экономикалық форумы қарсаңында жарияланып отыр.
Oxfam болжамы бойынша, егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 2015 жылдың аяғына қарай әлемдік байлықтың жартысынан астамы әлем халқының бір пайызына ғана тиесілі болады.