Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) әлемдік экономиканың 2015 жылғы өсіміне жасаған болжамындағы көрсеткіштерді қайта қарап, мемлекеттер мен олардың орталық банктерін экономикалық өсімге ықпал ететін реформалар жасауға шақырды.
Қаңтардың 20-сында жарияланған "Дүниежүзілік экономика келешегі" деп аталатын есебінде ХВҚ 2015-2016 жылдарға арналған әлемдік экономикалық өсім болжамын 0,3 пайызға төмендетіп, 2015 жылы өсім - 3,5 пайыз, 2016 жылы - 3,7 пайызды құрайды деген.
ХВҚ өз болжамында дамушы елдер экономикасының өсімі баяулап, Нигерия, Ресей және Сауд Арабиясы сияқты мұнай экспортына тәуелді елдерде жағдай нашарлауы ықтимал дейді.
Ал экономикасы ең үлкен АҚШ-та биыл өсім 3,1 пайыздан 3,6 пайызға артады деген болжам жасалған.