Азаматтық белсенділер мен журналистер сот шешімімен жабылған Adam bol журналының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның аштық акциясын қолдау штабын құрды.
Штабқа журналистер Розлана Таукина, Рамазан Есіркепов, Рысбек Сәрсенбай, "Әділ сөз" баспасөз құқығын қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Қалеева, белсенділер Маржан Аспандиярова, Ғалым Ағелеуов, Андрей Свиридов және Бақытжан Төреғожина кірген.
Гүлжан Ерғалиева қаңтардың 19-ында "сот заңсыздығы мен қысымға" наразылық білдіріп, аштық жариялаған. Ол аштық жариялаған соң арнайы мәлімдеме таратып, прокуратура мен сот орындарының журналды жабуға қатысты сот шешімі өзгертуді, журналға салынған айыппұл көлемін азайтуды, журналды тінтуге қатысқан сот орындаушыларының әрекетін тексеруді талап еткен.
Аштықты екінші күн жалғастырып жатқан Ерғалиева қазір жағдайы бірқалыпты екенін, бүгін қалалық денсаулық сақтау басқармасынан хабарласып халін сұрағанын, учаскелік дәрігер жіберілетінін айтқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, прокуратура мен сот өкілдері әзірше хабарласпаған.
Алматы соты 2014 жылы желтоқсанның 24-і күні қала билігінің шағымы бойынша Adam bol журналын жабу туралы шешім шығарған. Шағым берген қалалық ішкі саясат басқармасы журналда жарияланған мақалада "соғысты насихаттау белгілері бар" деген. Журнал өкілдері "басылымды жабудың саяси астары бар" деп санайды.