Жаппай улану фактілері тіркелген Батыс Қазақстан облысы Бөрілі ауданындағы Березовка ауылының тұрғындары басқа аймаққа көшірілмейді. Бұл туралы бүгін ауыл тұрғындарымен кездескен энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді.
Қарабалиннің айтуынша, ауыл экологиялық жағдайда деп танылса не ауыл маңында санитарлық қорғау аймағына жақын болса ғана халық басқа аймаққа көшіріледі. Министр Березовкада бұл факторлар байқалмайтынын айтты.
Ауыл халқымен кездесуге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен аудан әкімі Марат Түсіпқалиев те келді.
2014 жылы Березовкаға келген премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев ауыл мәселесін "у-шусыз шешу керектігін" айтқан. Сапарбаев Березовка жағдайы президент Назарбаевтың да жеке бақылауында екенін жеткізген.
2014 жылдың қарашасынан Березовкада бірнеше жаппай улану фактілері тіркелген. Осы уақыттан бері 1300 тұрғыны бар ауылдан 90 адам ауруханаға түскен. Ауыл тұрғындары бастары айналып, қысымдары көтеріліп, жүректері айнитындарын айтады.