Accessibility links

Бішкекте Charlie Hebdo карикатурасына қарсылық танытты


Бішкектегі Мұхаммед пайғамбар карикатурасына қарсылық митингісіне шыққандар. Қырғызстан, 20 қаңтар 2015 жыл.
Бішкектегі Мұхаммед пайғамбар карикатурасына қарсылық митингісіне шыққандар. Қырғызстан, 20 қаңтар 2015 жыл.

Бүгін Бішкекте мыңға тарта адам митингіге шығып, француздың сатиралық Charlie Hebdo журналының Мұхаммед пайғамбарды карикатураға салғанына наразылық білдірді. Олар "Мен Шарли емеспін", "Пайғамбарды жақсы көремін" деп ұрандатты. Шеруге шыққандар журналдың пайғамбарды карикатураға салғанын "дінге сенушілердің сезімін аяққа таптайды" деп сипаттады.

Митингіге қатысқандар арасында парламент депутаттары мен оппозицияшыл саясаткерлер, дағыстан, шешен, қазақ және тәжік диаспораларының өкілдері де болды. Акция кезінде олар "Пайғамбарымды жақсы көремін" деген жазуы бар плакаттар да ұстап жүрді.

Мұхаммед пайғамбарды карикатураға салға қарсылық кеше, қаңтардың 19-ында Шешенстан астанасы Грозныйда да өткен. Мыңдаған адам қатысқан шеруде діни және саяси жетекшілер карикатураны айыптап, Батыс елдерін сынға алған. Қаңтардың 19-ында Грузияның негізінен этникалық шешендер тұратын Панкиси шатқалында да карикатураға қарсылық акциялары өткен.

Қаңтардың 7-сінде Парижде Charlie Hebdo журналы редакциясына шабуыл жасалып, 12 адам (көпшілігі - журналист) қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG