Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Мұхаммед пайғамбарды карикатураға салу мұсылмандардың намысына тиеді, бірақ оған зорлық-зомбылықпен жауап қайыруға болмайды деп мәлімдеді.
Басқарманың ресми сайтында жарияланған мәлімдемесінде "Конфессияаралық тұрақтылықты сақтау үшін түрлі дін өкілдері өзара құрмет пен түсіністікке негізделген қарым-қатынас орнатуы қажет. Бір дін өкілінің өзге діндегілердің намысын таптауына жол берілмеуі тиіс. Дегенмен, намысы тапталған дін өкілінің өзін қорлағандарға зорлық-зомбылықпен жауап қатуы да дұрыс емес" делінген.
ҚМДБ мәлімдемесін Парижде сатиралық Charlie Hebdo журналы редакциясына шабуыл жасалғаннан екі аптадан кейін жариялап отыр.
Журналға шабуылдан - 12 адам, кейін шабуылға күдіктілерді ұстау кезінде тағы бес адам қаза тапқан.
Париждегі шабуылдар Еуропада үлкен реакция тудырып, мыңдаған адам теракті құрбандарын еске алу мен қарсылық акцияларына шықты.
Шабуылдан бір аптадан соң Charlie Hebdo Мұхаммед пайғамбарды карикатураға қайта басты. "Барлығы кешірілді" деп аталған ол картинада пайғамбардың қолына "Шарли деген - мен" деген жазу ұстап тұраны бейнеленген.
Бұдан соң Charlie Hebdo мен батыс елдері саясаткерлеріне қарсы мұсылман елдері мен Ресейде наразылық акциялары өтті.