Accessibility links

Алматы полициясы ADAM bol өкілдерін босатты


Полиция мекемесі алдында өткен Adam bol журналын қолдау акциясы. Алматы, 24 қаңтар 2015 жыл.
Полиция мекемесі алдында өткен Adam bol журналын қолдау акциясы. Алматы, 24 қаңтар 2015 жыл.

Қазақстанда сот шешімімен жабылған ADAM bol журналының қызметкерлері Гүлжан Ерғалиева, Мирас Нұрмұханбетов және құқыққорғаушы Розлана Таукина бүгін түске дейін Алматының Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Олар сол күні күндізгі сағат 12-ге белгіленген басылымды қорғау акциясына қатыспақшы болған еді.

Розлана Таукина мен Мирас Нұрмұханбетовтың Азаттық тілшісіне айтуынша, оларды және Гүлжан Ерғалиеваны кабинеттерде бөлек ұстап, әрқайсысымен полиция өкілдері жеке сөйлескен. Ұсталғандардан полиция бөлімінде түсіндірме жазып алған соң оларды үйлеріне қоя берген.

Бұл уақытта Бостандық аудандық полиция басқармасы алдына жиналғандар ADAM bol журналына қолдау білдіріп тұрған еді. Оларға полициядан босап шыққан Розлана Таукина мен Мирас Нұрмұханбетов те қосылған. Бұның алдында ғана Алматыдағы тәуелсіздік ескерткіші алдында биліктің журналды жабу туралы шешіміне наразылық акциясы өткен.

ADAM bol журналына қатысты бір күнде өткен екі шараға қатысушылардан ешкімді ұстаған жоқ.

Алматының Медеу аудандық соты былтыр желтоқсанда «соғысты насихаттады» деген айыппен жапқан журналдың бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваның билік шешіміне наразылық ретінде жариялаған аштық акциясына бүгін алтыншы күн. Құқыққорғаушылар басылымды жабу туралы сот шешімінің саяси астары бар деп сынайды. Бірақ билік оны жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG