Қазақстан үкіметі елде екінші атом электр станциясын (АЭС) салуға Toshiba компаниясын қатыстыру жайын қарастырады, деп мәлімдеді бүгін энергетика министрі Владимир Школьник.
Парламенттегі үкімет сағатынан соң журналистерге жауабында Школьник АЭС-тің біреуі шамамен Семей полигоны аймағында Ресейдің қатысуымен салынатынын, ал Балқашта салынады деген АЭС-ке әлемде қолданыстағы жобалардың барлығы талқыланып, арасынан ең үздіктері таңдалып алынатынын айтқан.
"Әлі шешім қабылданған жоқ. Бірақ біз келешегі бар станциялардың бірі - Toshiba компаниясы жасайтын станция екенін көріп отырмыз. Қазақстан - Toshiba акционері саналады" деген Школьник.
Қазақстан билігі елде екі АЭС салмақ ниетте. Мамыр айының соңында "Қазатомпром" мен "Росатом" компаниялары Қазақстандағы Курчатов қаласында бірлесіп АЭС салу туралы келісімге қол қойған. Келісім бойынша, Қазақстанда қуаты 300-ден 1200 мегаваттқа дейін жететін АЭС салу жоспарланған.
Ал екінші АЭС салатын жер ретінде Балқаш көлінің маңында, Алматы облысының Үлкен ауылы ұсынылған. Бірақ екінші АЭС-тің нақты қай жерге салынатыны әлі шешілген жоқ.
Биыл, қаңтардың 2-сінде The Japan News сайты «Қазатомөнеркәсібі» компаниясы Жапонияның Toshiba компаниясынан ядролық реактор сатып алатыны туралы келісім жасасқанын хабарлаған. Сайт «Қазақстан ядролық реакторды Ресейден алуды жоспарлаған болатын, бірақ Toshiba компаниясын таңдады» деп жазған. Азаттық "Қазатомөнеркәсібі" компаниясынан The Japan News сайтындағы ақпараттың шындыққа қаншалықты жақын екенін сұрап, хат жазғанымен, әзірге жауап алмады.