Accessibility links

ЕО Ресейге жаңа санкция салуға шақырды


Донецкіде жүрген ресейшіл сепаратистер. 22 қаңтар 2015 жыл.
Донецкіде жүрген ресейшіл сепаратистер. 22 қаңтар 2015 жыл.

Еуропа Одағы басшылары одаққа мүше елдердің сыртқы істер министрлерінен қаңтардың 29-ында Брюссельде өтетін жиында Шығыс Украинадағы қақтығыстың ушығуына тиісті жауап қату шараларын, оның ішінде Ресейге қарсы жаңа санкциялар салуды қарастыруды сұрады.

ЕО басшыларының бірлескен мәлімдемесінде "Ресейдің сепаратистерге көрсететін көмегін арттырғанына" дәлел бары айтылған. ЕО басшылары Ресейді сепаратистердің іс-әрекетін айыптауға және Шығыс Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы 2014 жылдың қыркүйегінде Минскіде жасалған келісімді орындауға шақырған.

Еуропа Одағы жетекшілері қаңтардың 24-інде Мариуполь қаласын "зымыранмен оңды-солды атқылаудан" 30 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын айыптады.

Бұған дейін БҰҰ зымырандар Мариупольдің тұрғын үйлер кварталына сепаратистер бақылауындағы территориядан атылғанын айтып, шабуылды "әскери қылмыс" деп атаған.

Украин әскері бас штабының хабарлауынша, соңғы тәулікте Украина шығысында сепаратистермен қақтығыстарда 9 сарбаз құрбан болып, 29-ы жараланған.

XS
SM
MD
LG