Accessibility links

Донецкідегі атыстан бір тұрғын мерт болды


Донецк облысының Макеевка селосының тұрғыны снаряд түсіп, ойылып қалған жерге қарап тұр. Украина, 27 қаңтар 2015 жыл.
Донецк облысының Макеевка селосының тұрғыны снаряд түсіп, ойылып қалған жерге қарап тұр. Украина, 27 қаңтар 2015 жыл.

Украинаның Донецк қаласында соңғы тәулікте атыстан бір бейбіт тұрғын қаза тауып, бес адам жараланды. Қалалық мэрияның хабарлауынша, өткен түні ондағы атыс саябырсығанымен, 28 қаңтар күні таң ата атыс пен жарылыс қайта басталған.

Украина бас штабының өкілі Владислав Селезневтің айтуынша, соңғы тәулікте Донбаста үш украин сарбазы қаза тауып, 15-і жараланған. Ал "Ақпараттық қарсыласу" тобының жетекшісі Дмитрий Тымчуктың дерегінше, ресейшіл сепаратистер Донецк облысының Дебальцево қаласындағы украин әскерінің бекінісіне шабуылдап, үкімет күштері оған тойтарыс берген.

Тымчуктың ақпаратына қарағанда, өзін-өзі жариялаған "Донецк халық республикасының" өкілдері аймақтағы сарбаздарын 2500 адамға дейін көбейтіп, Дебальцево түбіне 35 танк, 50 беренді техника мен 70-тен астам артиллериялық қондырғы әкелген.

Украина қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі "сепаратистер өткен түні Донбастағы украин әскерінің позициялары мен елді мекендерді 120 реттен астам атқылады" деп хабарлады. Сепаратистер негізінен Луганск, Счастье мен Марьинка қалаларын, Макарово, Ольховое, Пески және Опытное ауылдарын атқылаған.

XS
SM
MD
LG