Моңғолиялық дзю-дошы қыз Галбадрахын Отгонцэгцэг Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарыстарға қатысады.
Бұл туралы ақпанның 2-і күні Қазақстан дзю-до федерациясының вице-президенті Маратбек Мықтыбаев Астанада өткен брифингте мәлімдеді. Федерация өкілінің айтуынша, спортшының Қазақстан азаматтығын алуға Моңғолия дзю-до федерациясы қарсылық білдірмеген.
23 жастағы Галбадрахын Отгонцэгцэг 2011 жылдан бері Моңғолия құрамасында дзю-додан халықаралық жарыстарға қатыса бастаған. 48 килограмда бірнеше рет Моңғолия чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Бұл салмақта Моңғолия құрамасында Мункхбатын Уранцэгцэг көшбасшы саналады. Уранцэгцэг әлемдік рейтингте үшінші, Отгонцэгцэг -бесінші орында тұр.
Галбадрахын Отгонцэгцэг Қазақстан құрамасы сапында тамызда Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысады.