Иордания үкіметінің өкілі Мохаммад әл-Момани ирактық содыр әйел Сажида әл-Ришави мен тағы бір ирактық содыр Зияд Карболиге шығарылған өлім жазасы орындалғанын хабарлады.
Иордан үкіметі мен қауіпсіздік қызметінің ақпараты бойынша, әл-Ришави мен Зияд Карболи ақпанның 4-і күні таң ата дарға асылған.
Сажида әл-Ришави 2005 жылы Иордания астанасы Амманда қонақүйде болған үш жарылысқа қатысы бар деген айыппен бұған дейін Иордания сотының үкімімен өлім жазасына кесілген. Үш жарылыста ондаған адам қаза тапқан. "Әл-Қаида" террористік ұйымына мүше Зияд Карболи иорданиялық азаматты өлтірді деген айыппен 2008 жылы өлім жазасына кесілген.
Радикалды "Ислам мемлекеті" ұйымы ақпанның 3-інде желтоқсан айында ұсталған иорданиялық 26 жастағы әскери ұшқыш Муаз әл-Касасбиді өлтірілгені туралы видео жариялаған еді. Онда ИМ өкілі темір тордың ішінде отқа оранған адамның Муаз әл-Касасби екенін мәлімдейді.
Иордания Касасбидің өліміне дереу жауап қайтарылатынын мәлімдеген.
ИМ содырлары бұған дейін Иорданиядан қамауда отырған Сажида әл-Ришавиді Муаз әл-Касасбимен алмастыруды талап еткен видео жариялаған.