Ресей тергеу орындары украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченконың үстінен қозғалған қылмыстық істі доғарудан бас тартты. Бұл туралы сенбі Twitter әлеуметтік желісі арқылы мәскеулік адвокат Марк Фейгин хабарлаған. Савченкоға Украинаның шығысында қаза тапқан ресейлік екі журналистің өліміне қатысты айып тағылған.
Тергеушілер қорғаушы тараптың ұсынған материалдары Савченконың журналистер қазасына қатысы жоқтығына дәлел бола алмайды деп түсіндірген. «Неміс толқыны» ақпарат құралының хабарлауынша, Ресей тергеу комитетіндегілер украиналық ұшқыштың «аса ауыр қылмыс жасағаны туралы тағылған айып осы қылмыстық іс бойынша жинақталған объективті айғақтармен дәлелденген» дейді.
Тергеушілердің болжамы бойынша, Украинаның Луганск қаласы маңындағы әскери іс-қимылдар кезінде Ми-24 тікұшағының нысанашы-операторы ретінде Надежда Савченко украиналық күштерге ресейлік ВГТРК компаниясы түсірім тобының журналистері орналасқан жердің координаттарын берген. Бұдан соң минометтен атылған оқ астында қалған ресейлік журналистер Игорь Корнелюк пен Антон Волошин қаза тапқан.
Савченконың адвокаттары тергеушілер тағып отыр айыптармен келіспейді.