Қазақстан Ұлттық банкі төрағасы Қайрат Келімбетов Астанада өткен брифингте теңгені бір мезетте девальвациялауға негіз жоқ деп мәлімдеді. Ол қазіргі айырбас бағамының (бір АҚШ доллары 170-188 теңге аралығында) шектік дәлізін ең оңтайлы бағам деп санайтынын айтты.
Келімбетов бұған қоса Ұлттық банк егер мұнай баррелінің жылдық орташа бағасы 50 АҚШ долларынан төмен болып, "теріс жағдайлар" болып жатса теңгені біртіндеп құнсыздандыратынын жоққа шығармады.
Ақпанның 11-інде үкіметтің кеңейтілген жиынына қатысқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкімет теңге бағамы күрт құлдырап кетпеуі үшін барлық шараларды жасайтынын айтқан. Ол ұлттық компанияларды "ақша айырбасы арқылы" теңгеге қолдау көрсетуге шақырған.
Осыдан бір жыл бұрын, 2014 жылы ақпанның 11-і күні теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құны күрт арзандап кеткен. Ол кезде ұлттық банк 1 АҚШ долларының құнын бұрынғы 150 теңге шамасында ұстап тұрудан бас тартып, айырбас бағамын 185 теңге деп белгілеген.