Еуропа одағының (ЕО) Ресейге Шығыс Украинадағы қақтығыста қатысы үшін салған санкциялары Ресей президенті Владимир Путин қақтығысқа қатысты ұстанымын нақты өзгертпейінше күшінде қалуы тиіс деп мәлімдеді Брюссельдегі ЕО саммитіне барған Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон.
АҚШ Минскіде жасалған келісімді қолдайтынын, бірақ ол орындалуы тиіс екенін ескертті. "Бұл келісім - қақтығысты бейбіт реттеп, Украинаның егемендігін қалпына келтіруге жасалған ерекше маңызды қадам" деп мәлімдеді Ақ үй.
Еуропа кеңесінің басшысы Дональд Туск соңғы Минск келісімінің қаншалықты орындалатыны 15 ақпаннан кейін белгілі болатынын мәлімдеді.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Минскіде төрт ел басшыларының Донбасстағы қақтығысты тоқтату туралы жасасқан келісімін қолдайтынын мәлімдеді. Министрлік тараптарды "Шығыс Украинадағы қақтығысты тезірек тоқтатуды көздейтін келісімді толық орындауға" шақырады.