Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бүгін Минскідегі келіссөзде "Ресейде қамауда отырған украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченконың тағдырына қатысты ешқандай келісім болған жоқ" деп мәлімдеді. Оның сөізнше, Савченконы босату мәселесін Ресей соты шешеді.
Ақпанның 12-сінде Минскіде Шығыс Украинадағы қақтығысты тоқтату туралы келіссөз аяқталған соң Украина президенті Петр Порошенко өзіне Надежда Савченконың жақын уақытта босайтыны айтылғанын мәлімдеген.
Песковтың айтуына қарағанда, Порошенко келіссөз кезінде Ресей президентінен Савченконы босатуды сұрай берген. Ол Франция президенті Франсуа Олланд пен Германия канцлері Ангела Меркель де келіссөзде Ресей тарапын Савченконы босатуға шақырғанын айтады.
Ресейлік екі журналистің өліміне қатысы бар деп айыпталып, алты айдан бері қамауда отырған Надежда Савченко желтоқсанның 15-інен бері айыпқа қарсылық білдіріп аштық жариялаған. Қаңтардың ортасында оны күрт салмақ жоғалтуына байланысты Мәскеудегі «Лефортово» абақтысынан «Матросская Тишина» абақтысының медициналық бөліміне ауыстырған.
Минск келісімі бойынша украин әскері мен ресейшіл сепаратистер қақтығыс тоқтаған соң тұтқын алмасатын болған. Украина жағы алмасылатын тұтқындар тізіміне Савченко да ілігеді деп үміттенген.