Accessibility links

Берлин байқауында «Такси» мен «Клуб» фильмдері бас жүлде алды


Иран режиссері Жафар Панахиге берілген бас жүлде марапаттау рәсіміне қатысқан оның жиені Хана Саедиге табыс етілді. Берлин, 14 ақпан 2015 жыл.
Иран режиссері Жафар Панахиге берілген бас жүлде марапаттау рәсіміне қатысқан оның жиені Хана Саедиге табыс етілді. Берлин, 14 ақпан 2015 жыл.

Берлинде 65-халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесі – «Алтын аю» сыйлығы ирандық режиссер-диссидент Жафар Панахидің «Такси» фильміне берілді.

Үкіметке қарсы қызметі үшін бірнеше рет қамауда болған Панахидің фильмдеріне Иранда тыйым салынған. Диссидент-режиссерді қолдап жүргізілген халықаралық кампаниядан соң Иран билігі оны үйқамақтан босатуға мәжбүр болған. Иран соты 20 жыл мерзімге кино түсіруге тыйым салғанына қарамастан Панахи фильм түсіруді жалғастыра берген. Оның соңғы үш кинотуындысын Ираннан жасырын алып шыққан. Режиссердің өзіне билік елден шығуға тыйым салған. Берлинде Панахиге берілген бас жүлде марапаттау рәсіміне қатысқан оның жиені Хана Саедиге табыс етілді.

«Такси» фильмінде Тегеран көшелерін аралайтын көлікті Жафар Панахидің өзі жүргізеді. Берлин кинофестиваліне қатысушыларға арнаған мәлімдемесінде режиссер өмірінің мәні – киноны түсіруге ешкім тыйым сала алмайтыны туралы айтқан. «Такси» фильмі сонымен бірге ФИПРЕССИ халықаралық киносыншылар федерациясының жүлдесіне де ие болды.

«Күміс аю» жүлдесін Чили режиссері Пабло Ларраин түсірген «Клуб» фильміне берілді. Кезінде Чилидегі Пиночет диктатурасы жайлы кинотрилогиясымен әйгілі болған Ларраиннің бұл жолғы фильмі әртүрлі қылмыс жасап айыпты болған католик священниктері туралы баяндайды. Діни қызмет атқаруына тыйым салынып, провинциалдық қалашықтағы пана орнында өмірін өткізіп жатқан олардың бірі өз өзіне қол жұмсап өмірмен қоштасқан соң, Ватикан осы істі зерттеуді тапсырған арнайы тергеуші олардың ескі құпияларын ашады.

Берлин кинофестивалінде үздік режиссерлік жұмысқа тағайындаған жүлде Раду Юде (Румыния) мен Малгожата Шумовска (Польша) иеленді. «45 жас» фильміндегі ойындары үшін Шарлотта Ремплинг пен Том Кортни үздік актер атанды. Ал ең үздік сценарийге тағайындалған сыйлық Патагонияның байырғы тұрғындарының тағдыры жайлы баяндайтын «Меруерт түйме» деректі фильмі үшін Чили режиссері Патрисио Гусманға берілді. Сонымен бірге, кино өнері саласына қосқан үлесі үшін «Алтын аю» сыйлығы режиссер Вим Вендерске тапсырылды. Оның «Бәрі жақсы болады» атты жаңа фильмі байқаудан тыс көрсетілді.

XS
SM
MD
LG