Бостон марафонындағы жарылысқа күдікті Джохар Царнаевтың адвокаттары мен федералдық прокурорлар арасында сотты өткізетін орынға қатысты дау туды. Адвокаттар 2013 жылы жарылыс болған жерде әділ алқа сотын ұйымдастыру мүмкін дегенге күмән келтіреді.
Царнаевтың соты өтетін жерді ауыстыруды сұраған адвокаттардың өтінішін апелляциялық соттың қарауына екі күн қалғанда айыптаушы және айыпталушы тарап алқа судьяларын таңдауға байланысты екі түрлі пікір ұстанып отыр деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Прокурорлар алқа сотына 54 кәсіби білікті алқа судьясы таңдалғанын айтады. Ал адвокаттар "алқа судьясы болуға үміткер Бостонның 1350-ден астам тұрғыны Царнаевты айыпты деп тауып қойған" дейді.
Округтік судья Джордж О'Тул осымен үшінші рет адвокаттардың сот процесін басқа қалаға ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмай тастады.
Бостонда 2013 жылы сәуірдің 13-інде марафон кезінде болған жарылыстардан үш адам қаза тауып, 260-тан астам адам жараланған. Прокуратураның ұйғарымы бойынша, 21 жастағы Джохар Царнаев марафон аяқталатын кезде ағасы Тамерлан Царнаевпен бірге жарылғыш зат қойған. Полиция Тамерлан Царнаевты жарылыстан соң тұтқындамақ болған кезде атып өлтірген. Царнаевқа 13 бап бойынша, оның ішінде кісі өлтіруге қатысты айып тағылған. Прокуратура бұған дейін Царнаевқа бұл айыптар бойынша өлім жазасын беруді сұраған.
Ресейдің Солтүстік Кавказ аймағынан шыққан Джохар Царнаев АҚШ азаматтығын алған.