Accessibility links

АҚШ-та ресейлік хакерлік айыбын мойындамады


Владимир Дринкман (сол жақта) адвокатымен бірге Нидерланд сотында. Гаага, қаңтар, 2015 жыл.

Ресей азаматы, 34 жастағы Владимир Дринкман АҚШ-тың Нью-Джерси штатының округтік сотында өзіне тағылған хакерлік қылмысқа қатысты 11 айыптың бір де біреуін мойындамады. Өткен аптада Нидерланд елінен АҚШ-қа экстрадицияланған Дринкманға ауқымды хакерлік қылмыстар жасаған деген айыптар тағылып отыр.

Айыптау құжатында Дринкман мен оның төрт серігінің ісі - АҚШ сотында қаралған ең ірі электрондық алаяқтық іс болып отырғаны айтылған.

Айыптау қорытындысы бойынша, айыпталушы 2005-2012 жылдар аралығында банктердің мәлімет базасынан, қаржы ұйымдары мен сауда орындарынан 100-ден 200 миллионға дейін несие және дебеттік карталардың нөмірін ұрлап, сатып отырған. Алаяқтық құрбандарына келген шығын көлемі, алдын-ала болжам бойынша, 300 миллион АҚШ долларын құраған. Барлық тағылған айып бойынша Дринкманға тағайындалатын жаза - жүз жылдан көп уақытқа бас бостандығынан айыру болмақ.

Тергеу деректері бойынша, айыпталушы банктер мен қаржы ұйымдарының, сауда орындарының электрондық базаларына АҚШ-тың батысы, орталығы мен шығысында, сонымен қатар Нидерланд, Латвия, Панама мен Багам аралдарында орналасқан компьютерлерден хакерлік шабуыл жасаған.​

Владимир Дринкман 2012 жылы Амстердамда тұтқындалып, ұзаққа созылған тергеу процесінен соң АҚШ-қа экстрадицияланған.

XS
SM
MD
LG