Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бұрынғы басшысы Нұрлан Жоламановтың ісі бойынша соттың жауап алуы аяқталды деп хабарлайды "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ербол Ахметжанов бүгін сотта үзіліс жариялап, процесс алдағы дүйсенбі, ақпанның 23-інде жалғасатынын хабарлаған. Тараптар енді жарыссөзге шығады.
Нұрлан Жоламановтың соты қаңтардың 26-сы күні басталған. Оған "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" және "аса ірі көлемде пара алды" деген айыптар тағылған. Жоламанов өзіне қарсы сотты "қолдан жасалған, саяси іс" деп атап, тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.
Жоламановпен бірге тағы бір сотталушы - Алматыдағы 2458-әскери бөлімнің бұрынғы командирі Қайрат Балмағамбетовке де "аса ірі көлемде пара алды" және "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды" деген айыптар тағылған.
Нұрлан Жоламанов 2014 жылы қазанның 27-сі күні ұсталған. Ол 2013 жылдың қаңтарынан бастап ұсталған кезге дейін ҰҚК шекара қызметін басқарған.