Ұлыбритания үкіметі Шығыс Украинада жүр делінген ресейлік соңғы үлгідегі "СА-22" зениттік зымыран кешендерінің суреттерін жариялады.
Ұлыбритания сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, "Панцирь-С1" зениттік зымыран кешенінің суреттері Мәскеудің ресейшіл сепаратистерді тікелей қолдап отырғанының тағы бір дәлелі. Украина армиясында мұндай қару-жарақ түрі жоқ болғандықтан, сепаратистердің бұларды ұрыста қолға түсіруі мүмкін емес.
Суреттерде қару-жарақтардың Шахтерск қаласында 24 қаңтар мен 5 ақпанда және Донецк қаласында 4 ақпанда түсірілгені көрсетілген.
18 ақпанда НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг "Украинада Ресей әскері, артиллериясы мен әскери қорғаныс күштерінің бөлімдері әлі белсенді әрекет ететінін" мәлімдеген.
Ұлыбританияның НАТО-дағы елшісі Адам Томсон Ресейді Минскіде қол қойылған қақтығысты тоқтату келісімі талаптарын орындауға шақырды.
Кремль Украинаға әскер мен қару-жарақ жөнелтетінін әдеттегідей жоққа шығарып келеді.