"Көкжайлауды қорғаймыз" экологиялық қозғалысының тағы бір белсендісі Андрей Бузыкин бүгін Алматы әкімі Ахметжан Есімовтің тұрғындарға есеп беру жиынына кіргізілмеді.
Бузыкиннің айтуынша, жиын басталғанға дейін ол басқа да азаматтармен бірге залға кіріп кеткен. Бірақ кейін ол өзін "тауып алғанын", Республика сарайының күзетшілері залға "заңсыз кірді" деп айыптап, полиция шақыртып жақын маңдағы полиция пунктіне апарғанын айтады. Полиция пунктінде оған түсініктеме жазғызып, екі сағаттан соң ғана босатқан.
Бүгін таңертең Республика сарайы маңында экологиялық қозғалыстың тағы бір өкілі Абай Ерекенов ұсталған. Полиция оны да бөлімде ұстап, бірнеше сағаттан соң ешқандай айып тақпастан босатып қоя берген.