Accessibility links

Ирак әскері Мосулды қайтару операциясын бастайды


Ирак әскері "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қарсы ұрысқа дайындық кезінде. (Көрнекі сурет).
Ирак әскері "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қарсы ұрысқа дайындық кезінде. (Көрнекі сурет).

АҚШ әскерилері Ирактың екінші ірі қаласы - Мосулды "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының содырларынан қайтарып алу операциясы сәуір немесе мамыр айында басталатынын және оған 20-25 мың аралығындағы ирак әскері қатысатынын хабарлады.

АҚШ әскері орталық қолбасшылығының аты-жөнін атамаған шенеунігінің айтуынша, Ирак армиясының бес бригадасы операцияға қатысу үшін Ирактағы коалиция күштерінің дайындығынан өтеді. Операцияда негізгі әскери күш болатын бұл бес бригадаға резерв ретінде тағы үш бригада мен күрдтердің "пешмерга" жасақтары болыспақ. Әр бригадада шамамен 2 мың әскерден болады.

Контртеррористік операцияларды жүргізетін әскерді АҚШ арнайы күштері соғысқа машықтандырады.

"Ислам мемлекеті" ұйымы содырлары Мосул қаласын өткен жылдың маусым айында, Ирак пен Сирияның біраз бөлігін басып алған кезде бақылауына алған.

Америкалық әскери өкілдің сөзінше, АҚШ операцияға әскери тұрғыдан - жасақтарды даярлықтан өткізу, әуеден қолдау көрсету, барлау және бақылау жасау жағынан қолдау көрсетіп отырады.

Ресми деректер бойынша, Мосулда "Ислам мемлекетінің" 1 мыңнан 2 мыңға дейін жасағы бар.

XS
SM
MD
LG