Accessibility links

БҰҰ: Оңтүстік Суданда балалар ұрланды


Оңтүстік Судан президент Салва Киир (оң жақта) баспасөз мәслихатында. 16 желтоқсан 2013 жыл.
Оңтүстік Судан президент Салва Киир (оң жақта) баспасөз мәслихатында. 16 желтоқсан 2013 жыл.

Оңтүстік Суданда содырлар кемінде 89 ұл баланы ұрлап әкеткен, ұрланғандардың кейбірінің жасы әлі 13-ке де толмаған деп хабарлады сенбі күні БҰҰ-ның балалар қоры – ЮНИСЕФ ұйымы. Ұрланған балалар саны бұдан да көп болуы мүмкін деген қауіп бар.

Оқиға осы аптаның басында Жоғарғы Нил штатының орталығы Малакал қаласы маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, қарулы адамдар үйден үйге кіріп, 12 жастан асқан ұл балаларды іздеген. Кейбір балаларды мектепте емтиханда отырған жерінен алып кеткен. Әзірше бұл іске байланысты жауапкершілікті қарулы топтардың ешқайсысы мойнына алған жоқ.

Оңтүстік Суданда президент Салва Киирді қолдаушылар мен бұрынғы вице-президент Риек Мачардың жақтастары арасындағы тайталас жалғасып келе жатқанына екі жылдан асты. 2013 жылы Киир мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп Мачарды айыптаған. Содан бері бұл елде кемінде 10 мың адам қаза тауып, 1,5 миллионға жуық адам мекен-жайын тастап босып кетуге мәжбүр болған деген дерек келтіреді БҰҰ.

Қарсылас тараптар қарулы жанжалдарға сарбаз ретінде 12 мыңға жуық баланы тартқан.

XS
SM
MD
LG