АҚШ әскерилері мен дипломаттары бүгін Кувейттегі америкалық әскери базада "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қарсы күрес мәселелеріне қатысты кездесу өткізеді. Оған қатысу үшін Кувейтке АҚШ-тың жаңа қорғаныс министрі Эштон Картер барды.
Кездесуге қатысатындар арасында АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери күштерінің басшысы генерал Ллойд Остин, "Ислам мемлекетіне" қарсы коалициядағы Барак Обаманың өкілі, отставкадағы генерал Джон Аллен бар. Жиынға АҚШ-тың Египет, Йордания, Кувейт және Сауд Арабиясындағы елшілері де қатысады деп жоспарланып отыр.
Соңғы кезде "Ислам мемлекеті" ұйымы Ливияда да белсенді іс-қимылға көшіп, алаңдаушылық тудыра бастаған.
"Ислам мемлекеті" былтыр жазда Сирияның солтүстігі мен Ирактың батысында біраз территорияны басып алған.