Accessibility links

Германия дәрігерлері Савченкомен жолықты


Ресей түрмесінде отырған украиналық ұшқыш Надежда Савченко.
Ресей түрмесінде отырған украиналық ұшқыш Надежда Савченко.

Германиялық дәрігерлер Ресей түрмесінде екі айдан бері аштық жариялап жатқан украиналық әскери ұшқыш Надежда Савченкоға жолығып қайтты.

Германия сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, германиялық екі дәрігер ақпанның 15-інде Савченкомен және оны қарап жатқан түрмедегі дәрігерлермен кездескен. Савченконың денсаулығына аса алаңдаушылық танытатынын айтып, оны босатуға шақырған сыртқы істер министрлігі дәрігерлердің сапарына қатысты өзге мәлімет бермеді.

Кейбір ақпараттар бойынша, Савченко желтоқсан айынан бері тек су ішіп, глюкоза ғана қабылдап жатқандықтан 17 килограмм салмақ жоғалтқан.

Ресейшіл сепаратистер Надежда Савченконы 2014 жылы маусымда Украина шығысында тұтқындап, Ресейге беріп жіберген. Ресейлік екі журналистің өліміне қатысы бар деп айыпталып, алты айдан бері қамауда отырған Надежда Савченко желтоқсанның 15-інен бастап наразылық ретінде аштық жариялаған. Тұтқынның күрт салмақ жоғалтуына байланысты қаңтардың ортасында оны Мәскеудегі «Лефортово» абақтысынан «Матросская Тишина» абақтысының медициналық бөліміне ауыстырған.

XS
SM
MD
LG