Accessibility links

Немцовтың қазасын ішкі істер министрі бақылауына алды


Ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцов қаза тапқан жер. Мәскеу, 28 ақпан 2015 жыл.
Ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцов қаза тапқан жер. Мәскеу, 28 ақпан 2015 жыл.

Оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың қазасын тергеу ісі Ресей ішкі істер министрі Владимир Колокольцев жеке өз бақылауына алды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің (ІІМ) ресми өкілі Елена Алексеева хабарлаған.

Оның айтуынша, жұма күні кешкісін Немцов Украинадан келген қызбен Мәскеудің орталығында кетіп бара жатқанда, олардың жанынан өте шыққан автокөліктен бірнеше рет оқ атылған. Ту сыртынан тиген төрт оқтан Немцов сол жерде мерт болған. Алексееваның айтуынша, оқиға орнынан алты гильза табылған.

Борис Немцовтың қазасын тергеушілер бұл қылмысқа байланысты бірнеше жорамал жасап отыр, солардың негізгісі – тапсырыспен адам өлтіру.

Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің сөзінше, Кремль басшысы Немцовтың қазасын «қастандық және арандату сипаттары бар» қылмыс деп санайды.

АҚШ президенті Барак Обама және өзге де батыс саясаткерлері Борис Немцовты өлтіруді айыптап, Ресей билігін бұл қылмысқа жылдам, бейтарап, ашық тергеу жүргізіп, айыптыларды сотқа тартуға шақырды.

55 жасында қастандық құрбаны болған Борис Немцовтың артында бір ұл мен үш қызы және 87 жастағы қарт анасы қалды.

XS
SM
MD
LG